Сайрам-Өгем мемлекеттік
ұлттық табиғи паркі

Ежелгі тарихы

Түркістан облысы  көне замандардан бері Қазақстан және Орта Азия елдері үшін аса маңызды рөл атқарған. Ұлы Жібек жолы өткен өлкелер мәдениет пен сауда-саттық, өркениеттің алтын көпірі болып жатты. Отырар, Исиджаф (Сайрам), Сығанақ, Сауран, Созақ, Түркістан (Яссы) қалалары тек сауда-саттықтың ғана емес, өнер мен ғылымның орталығы бола білді. Осы өлкенден шыққан Әбу-Насыр Әл-Фараби Аристотельден кейінгі шығыстан шыққан екінші ұстаз атанды. Қожа Ахмет Яссауи, Қорқыт, ата жырлары өшпес мұраға айналды. Ал, орта ғасырларда тұрғызылған Қожа Ахмет Яссауидің, Арыстан баб, Ысқақ баб, Әбділ-Әзиз, Мірәлі баба, Қарашаш ана, Ибрагим ата, Аппақ Ишан бабалардың кесенелері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді.

Түркістан қаласы ғасырлар бойы халқымыздың діни орталығы болып келді. Ал, ХVІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейін қазақ хандары отыратын киелі мекенге айналды. Одан бері де талай уақыт өзгеріп, бұл аймақта жаңа құрылымдық басқарулар енгізілді. Қазіргі Түркістан облысы да 1932 жылы құрылады. Қазіргі таңда жерінің жалпы аумағы 117,3 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Облысқа Шымкент, Түркістан, Кентау және Арыс секілді үлкен төрт қала қарайды.
Түркістан облысы өзге аймақтардан өзінің көп ұлттылығымен ерекшеленеді. Мұнда қазір 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері мекен етіп жатыр.

Өңірде өндіріс орындарын дамыту ертеректе қолға алынған. Мәселен, сантоникалық зауыттың (қазіргі «Химфарм» АҚ-ы) іргетасы 1885 жылы қаланады. Алғашқыда зауыт дерменеден дәрі жасау ісімен айналысады. Ал, Кеңес өкіметі орнаған тұстан кейін есімі бүкіл Одаққа белгілі болған «Шымкент қорғасын зауыты» тұрғызылады. 1941 жылы яғни, Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Мәскеу және оның төңірегіндегі қалалардан көптеген өндіріс орындары Шымкентке қоныс аударады. Мәскеу облысынан, Краснодор өлкесінен, Киевтен, Харьковтан, Дондағы Роставтан, Воронежден, Кременчугадан 17 кәсіпорын көшіріледі. Кейін олар әр түрлі салада өнім өндіретін 255 ірі және орта өндіріс орындарының базасына айналды. Қазіргі таңда еліміздегі өндіріс орындарының қатарынан «Шымкент мұнай өңдеу зауыты», «Оңтполиметалл» АҚ, «Ачполиметалл», «Шымкент шина», «Шымкент цемент», «Кентау эксковатор зауыты», «Шымкенттасбоцемент», «Шымкентмай» секілді өндіріс ошақтары лайықты орнын тауып келеді. Сондай-ақ облыста өндіріспен бірге инфроқұрылымды ілгерілету мақсатында энергия көздері, байланыс жүйесі, су каналдары, жол байланысы дамыту қолға алынады.

Түркістан облысын географиялық орналасу жағдайына байланысты Қазақстанның оңтүстіктегі қақпасы деп атауға болады. Облыс көрші Өзбекстан Республикасымен шектесіп жатыр. Бұған қоса екі халықаралық Орынбор-Ташкент, Түркістан-Сібір көлік магистралі өтеді.

Іле Алатауының Түркістан облысының Түлкібас ауданымен шектесіп жатқан баурайларынан шамамен 100 млн жылдай жасап келе жатқан тастар сақталған. Сондай-ақ көне ғасырларда (полеолит дәуірі) өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігінен хабар беретін мұралар Көшқұрған және Түркістан қалаларының маңынан табылып отыр.
Шоқтас аналогтық ескерткіші Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясының барысында ашылады. Көне заманда оңтүстік өңірін мекендеген адамдардың өмірін зерттеп, тапқан ғалым Х.А.Алпысбаев еді. Ол сондай-ақ қазіргі Түркістан облысы  полеолит мәдениетінің орталығын ашқан. Түркістан облысының солтүстік-шығысында Бәйдібек ауданына қарасты Қарасу жерінен табылған полеолит дәуірінің ескерткіштері қазақ археолгиясына көптеген жаңалықтар алып келді. Аудан территориясынан археологиялық қазба жұмыстары барысында жиырмадан аса көне заманда өмір сүрген адамның қаңқасы табылады. Одан бөлек тас дәуіріне тән тұрмыстық заттар алынады. Қазіргі Түркістан облысының ғалымдарының арқасында 6 орта және үстіңгі полеолит кезеңіне тән көптеген тас құралдар, Жан-жануарлардың сүйектері табылған.

1958 жылы Созақ ауданына қарасты кіші Қаратау тауларының қойнауынан жоғарғы полеолит дәуіріне жататын Үш бас үңгірі ашылады. Үңгірдің жартас еденінде ошақ маңынан бір қырына 10 белгі салынған алеврониттен жасалған бұйым табылған. Әдетте көне заманда мұндай құралдар есептеу операциясын жүргізу үшін қолданылған. Осыған ұқсас сүйектен жасалған бұйымдар Түлкібас ауданына қарасты Қарақоңыр үңгірінен табылады. Ол б.э.д. ІХ-ХІ ғасырлардағы полеолит кезеңіне жатады. Қазба жұмыстарының барысында бұл үңгірден де тас құралдар, жебелердің ұштары, сүйектен жасалған тұрмыстық бұйымдар, бояу жағылған керамикалық ыдыстар табылған. Мұндай ескерткіштер Түркістан облысында санаулы ғана. Сол себептен де бұндай үңгірлер елімізде сирек кездесетін мәдени мұралардың қатарына жатқызылған. Мезо және неолиттік дәуірлердің тас индустриясының ескерткіштерін іздестіру бұл күндері де жалғасуда.

Қазіргі Түркістан облысында б.э.д. VІ-ІІІ ғасырларда Сақ мәдениеті дамығандығы жөнінен хабар беретін деректер бар. Қошқар ата кесенесінің және Бөген су қоймасының маңында жасалған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Сақтардың өмірінен дерек беретін материалдар жинақталады. Бұлардың барлығы петроглиф - суреттерде кең көрініс тапқан. Оның ішіне Арпаөзен және Қойбағар (Созақ ауданы), Боралдай суретті (Бәйдібек ауданы), Қасқабұлақ пероглифі (Түлкібас ауданы), т.б. кіреді. Түркістан облысы Төлеби ауданының территориясынан Сақ тайпасының өмір сүргендігін айғақтайтын орындар табылған.

Біздің заманымыздың тарихы
Арыс мәдениеті - б.э.д. ІV және б.д. VІ ғасырларды қамтиды. Және сол кездегі Түркістан облысының саяси-мәдени, этникалық жағдайлардан хабардар етеді. Осы аталған уақыт еншісіне тиесілі материалдар Арыс-Бадам аумағын мекендеген Қанғиулардың Битяьн мен Қараспантөбе (Ордабасы ауданы) қалашығын байланыстырғанын байқауға болады. VІ-ХІ ғасырдың ортасы қазіргі Қазақстан территориясында ерте феодалдық түркі мемлекетінің дамуының шарықтау шегіне жетіп және күйреуімен, сол сияқты қарлұқ, қимақ, қыпшақ тайпаларының бөлініп шығуымен тұспа-тұс келді. Ал, VІ-ХІ ғасырлар көшпенділердің мемлекет құрып, бір тудың астына бірігуімен ерекшеленеді. Батыс-түркі, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының құрылуы бұған жарқын дәлел бола алады.

Қалалардың гүлденуі
Орта ғасырдың ерте кезеңінде қазіргі Түркістан облысының территориясын әсем көркімен безендірген қалалар салына бастады. Солардың бірі қазіргі Шымкент қаласынан 8 шықырымдай жерде «Ақ өзендегі қала» - Исфиджаб (Сайрам). VІІ ғасырда-ақ «Ақ өзендегі қала» Ұлы Жібек жолы өтетін қалалардың қатарында болды. Ал, Отырар (Фараб), Тараз, т.б. қалалар VІІ-ІХ ғасырларда осы жолдың бойындағы ірі сауда орталықтары болатын. Сондай-ақ тарихи деректер осы кезеңдерде Сырдарияға жақын Шауғар (Түркістан) және Газгрид, Шараб, Бұрұхкент, Тамтаунде, Абаржадне қалаларының болғанын көрсетеді.

ІХ ғасырдың екінші жартысында Түркістан облысының территориясында қалалардың қарқынды өскені байқалады. Әсіресе, Отырар қаласының аты мәшһүр бола бастады. Жазба деректер және археологиялық қазбалар оның тарихы, тіршілігі және ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы күйреуі туралы құнды деректер береді.

Өлкедегі ортағасырлық қалалардың қатарына Арсубаникет қаласы кіреді. Ол қазіргі Көлтоған селосына жақын жерде орналасқан. Ерте заманнан-ақ танымал болған қалалардың бірі - Түркістан (көне атауы Шавгар). Жазба деректер бойынша ескі қаланың орны Отырардан Сырдарияға баратын тұста бір күнді жер болса керек. Ол қазіргі Түркістан қаласының маңын тұспалдайды.

ХІІ-ХІІІ ғасырларда Шавгар қаласы өзінің сауда-саттық, мәдени ортасынан айырыла бастайды да, қаланың орталығы Яссыға қарай ойыса бастайды.
Қазіргі Түркістан қаласынан 30 шақырымдай қашықтықта орта ғасырлық ірі қала - Сауранның қираған орны жатыр. Қаланың өмір сүрген уақыты ХІ-ХІІІ ғасырдардың еншісіне тиесілі.

Осы тұста Қазақстанның мәдениеті, қала құрылысы, қол өнері мен керуен саудасы дамыған өлкесі Түркістан өңірі болды.

Моңғолдардың жаулап алуы
1219-1224 жылдарда Қазақстан мен Орта Азия елдеріне Шыңғысхан әскері басып кірді. Қазіргі Қазақстанның Түркістан облысы Шыңғысханның ұлы Шағатай және оның ұрпақтары иелеген өңірге айналды. XIV ғасырдан бастап араб әліппесі кеңінен тарай бастайды. Ислам жетекші дінге айналды.

Көшпелі тайпалардың бөлінуі
XV ғасырдың бірінші ширегінде Түркістан облысы-батыс Қазақстанның аумағында Әбілқайыр хан бастаған «Көшпелі өзбектердің хандығы» пайда болды. Хандықтың ордасы Сығанақ қаласы еді. Бірақ, XV ғасырдың екінші жартысында пайда болған Қазақ хандығы Сырдария жағалауларындағы, Арыс өзенінің бассейніндегі жерлерді басып алуға ұмтылды. Бірнеше ғасыр бойына бұл аймақ Қазақ (Жошы тұқымы) және Өзбек (Шайбани тұқымы) хандарының арасындағы күрес сахнасына айналды. XVI ғасырдың басында өлке қазақ ханы Қасымның иелігінде болды. Одан соң Ташкент билеушісі Баба Сұлтанның, кейінірек Бұхара билеушісі Абдаллахтың қол астына көшеді. 1597-1598 жылдары қазақтың ханы Тәуекел Абдаллахтың әскерін талқандап, Ташкент, Самарқан, Сайрам, Түркістан қалаларын өзіне қаратты. Оның тұсында бұл жерлердің барлығы қазақ хандығының құрамына ендірілді де, астана ежелгі Яссыға көшірілді.

Қазақ мемлекетінің құрылуы
XV-XVI ғасырларда қазақ халықының және этникалық аумағының ғасырлар бойына созылған қалыптасу процесі аяқталды. Қазақ қоғамының маңызды ерекшелігі оның жүздерге бөлінуі болды.
XV ғасырдың ортасынан XVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ хандығы біртұтас саяси құрылым болған. Шаруашылықтың негізгі саласы жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды.

Жоңғар шапқыншылығы
Қазақ халқына XVІІ ғасырдың басында жоңғар шапқыншылығы қисапсыз қайғы-қасірет әкелді. Қазақ және жоңғар билеушілерінің арасындағы күрес бір ғасырдан астам уақытқа созылды. Ұлттық тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі қазақтарды бірігуге мәжбүр етті. Қазақ жүздерінің бірігуі 1727 жылы Ордабасыда (қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты жер) болған исі қазақтың құрылтайында іске асты. Үш жүздің төбе билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би (Айтық би) сияқты данагөйлердің арқасында қазақтар бір халық болып бірігіп, есірген жауға қарсы тұрды. Біріккен халық жасаға құрылып, оны кіші жүздің ханы Әбілхайыр (1693-1748) басқарды. 1729-1730 жылдары басқыншыларға бірнеше мәрте күйрете соққы беріліп, кіші жүз бен орта жүз жерлерінің біраз бөліктері жаудан тазартылды.

Ресейге қосылу
Жоңғарлар тарапынан төнген қауіп қазақ билеушілерін Ресеймен одақтасуға итермеледі. 1730 жылы кіші жүздің ханы Әбілхайыр орыстың патша әйелі Анна Ивановнаға Ресейге қосылу туралы өтініш береді. 1733-1734 жылдары мұндай өтініштер орта жүз бен ұлы басшыларынан да түседі. Бірақ Ресейге қосылу екінші жағынан патша өкіметінің Қазақстанды отарлау процесі 100 жылдан аса уақытқа созылды.

XVІІІ-XIX ғасырлардың тоғысында Орта Азияда Қоқан хандығы құрылды. Әлімхан (1801-1809) Қазақстанның Түркістан облысында әлденеше рет басқыншылық жорық жасап, көптеген елді-мекендерді, оның ішінде көне Шымкент шаһарын да басып алды.

XVІІІ ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында орта жүз бен кіші жүз аумақтарының басым бөлігі Ресей империясының құрамына енгізілген болатын. 1824 жылы оның құрамына Жетісу аймағы да кірді. Тек Түркістан облысының аумағы ғана Қоқан хандығының қол астында қала берді. XIX ғасырдың екінші жартысында патша өкіметі өзінің Орта Азиядағы әрекеттерін белсендіре түсті. Орыс әскерлерінің шабуылы 1864 жылы басталды. Олар жаз бойына қоқан әскерлерін тас-талқан етіп, Түркістан, Әулие ата (қазіргі Тараз) және Меркі қалаларын, 1864 жылы 22 қыркүйекте шабуылдардың нәтижесінде Шымкент қаласын өздеріне қаратады. Сөйтіп Қазақстанды Ресейге қосып алу процесі осылай аяқталды.

Экономикасының дамуы
1867 жылдан бастап Шымкент, Шымкент сырдария облысының уездік қаласына айналды. Шымкенттің шаруашылық сипаттамасы Түркістан өлкесі бойынша жолсілтемеде (1901) берілген: «Ол Ташкентті Сайрам бидайымен, таза сиыр сүтімен жабдықтайды. Еділ бойындағы шұға тоқу фабрикалары одан жүн, ал шетелдік зауыттар тері, шұжық және аспап шеберлері ішектер алады. Қаланың жылқы саудасымен даңқы шыққан» деп көрсетілген.
ХХ ғасырдың басында Шымкентте 3 май шығарғыш, 5 тері зауыты, 15 кішігірім кірпіш зауыты, 26 диірмен болған. 1885 жылы салынған сантонин зауыты ірі өнеркәсіп орны болған (қазір «Химфарм» ААҚ), олардан басқа 4 мақта тазалайтын өндіріс, 15 ұстахана, 15 сабын қайнататын өндіріс ошағы болған. 1915 жылы Жетісу теміржолының Арыс-Шымкент учаскесі пайдалануға берілген. 1914 жылы қыркүйекте сенаттың бұйрығымен Шымкентке Черняев аты берілген. Дегенмен, 1921 жылы қалаға тарихи атауы қайтарылады.

Отаршылдық саясат
Өлкені әскери - қазақтық отарлаудың орнын Ресейдің орталық губерниялары мен Украинадан шаруаларды жаппай көшіру науқаны алмастырды. Облысқа келімсектерді орналастыру ХІХ ғасырдың 70 жылдарында басталды. Мыңдаған қоныс аударушы-шаруалар отбасыларымен және жадау-жүдеу дүние-мүлкімен Патшалық Ресейдің шет аймағы - Қазақстан мен Орта Азияға ағыла бастады. 1906 жылғы мәліметтер бойынша Шымкент уезінде 1887-1899 жылдары құрылған, халқы 8062 адамдық 18 шаруа қоныстары болған. Олардың ішіндегі ең ірілері Ванновка, Вазнесеновка, Высокое, Антоновка (қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданының қарамағында) және Белые Воды (Сайрам ауданында) болды.

Қоныстанушылар мен қазынаның пайдасына қазақтардың атақонысатры мен егіндік, мал жайылымдарын тартып алу көптеген әкімшілік шаралары жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл наразылық ақырында 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.

Империяның күйреуі
1917 жылы Ақпан революциясы жеңісінің өзі дей құлаудың алдында тұрған Ресей империясының соңына нүкте қойды. Сол жылдың 30 наурызында Түркістандағы Уақытша үкіметтің комиссары қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Шымкентте солдат депутаттарының, оның артынша жұмысшы депутаттардың кеңесі құрылды. Соңғысының төрағасы болып большевик Н.Морозов тағайындалды.

Кеңес өкіметі
Түркістан өлкесі кеңестерінің V төтенше съезінде (1918 жылдың сәуір-мамыр айлары) РСФСР құрамында Түркістан Автономиялық республикасы құрылды.
1924 жылы Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық межелесуі орын алды. Шымкент, Әулие ата, Түркістан, Ташқазақ, Қазалы, Ақмешіт уездерінен тұратын Сырдария губерниясы құрылды. Губерния халқының саны 742 мың адам (жергілікті ұлт өкілдері 90,5%) болды.
БК(б)П XІV съезі (1925 жыл) индустрияландыруға бағыт алды. Индустрияландырудың ең ірі құырылыстарының бірі ұзыныдығы 1445 шақырым Түркістан-Сібір (Түрксіб) темір жолының құрылысы бодлы (1927 жыл). Құрылыс бүкіл халықтық сипат алды. Оған жәрдемдесу комитетін Тұрар Рысқұлов басқарды. Жол құрылысы 1930 жылдың сәуірінде аяқталды. 1931 жылы аса ірі кәсіпорын - Шымкент Қорғасын зауытының құрылысы басталды. Ащысай, Хантағы кен орындарының, кен байыту фабрикаларының, Шымкент Жылу электр стансасының, Ленгір көмір шахтасының, темір жол желілерінің, жұмысшы поселкелерінің құрылыстары басталды.

Көшпенділер қасіреті
Түркістан, Келес, бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті олар үшін үлкен қайғы-қасірет алып келді. Олардың негізінде алып колхоздар ұйымдастырылды. Мал шаруашылығында нағыз басталды. Мал басы 40,5 млн-нан 4,5 млн-ға дейін кеміді. Әсіресе, түйе, жылқы, қой шаруашылықтары көп шығынға ұшырады. Соның салдарынан 1931-1933 жылдары республикада ашаршылық болып, 6,5 млн халқтың 2,1 млн-нан астамы қырылды. Аштықтан, өкімет органдарының қуғын-сүргінінен қашып, 1 млн адам шет елдерге өтіп кетті.

Түркістан облысының құрылуы
Аса күрделі саяси және экономикалық кезеңдерде әкімшілік аумақтық бөлу жөніндегі эксперименттер басталды. 1928 жылдың қаңтарында сырдария губерниясы 21 ауданнан тұратын Сырдария округі болып қайта құрылды. Содан көп ұзамай БОАК-нің 1930 жылы 23 шілдедегі қаулысымен округтерге бөлу жойылып, аудандарға бөлу енгізілді. Сырдария округінің құрамында енді 18 аудан қалды. 2 жылдан соң 1932 жылы Қазақстан аумағында 6 облыс, оның ішінде Түркістан облысы құрылды. БОАК-нің 1932 жылғы 10 наурыздағы осы жөніндегі қаулысы облыстың дүниеге келген күні болып есептеледі. 1938 жылы облыс тағы да әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшырады: оның құрамынан алғашқыда Қызылорда облысы, одан соң 1939 жылы Жамбыл облысы бөлініп шықты.  1964 жылдың желтоқсанында «өлке» жойылып, Шымкент облысы осы атын сақтап қала берді. 1992 жылы 6 шілдеде ҚР Жоғарғы кеңесінің қаулысымен оған бұрынғы Түркістан облысы деген аты қайтарылып берілді.

Социялизм жолында
ХХ ғасырдың 30-40 жылдары түсті металлургия, химия, тас көмір өнеркәсіптерінің дамуына аса зор көңіл бөлінді. Шымкент қорғасын зауыты алғашқы өнім берді. Қуаты жөнінен ол Одақта бірінші, әлемде үшінші орында тұрды. Ленгірде, Келтемашатта, Боралдайда көмір кеніштерін игеру басталды. Мақта өндіру ісінде де бетбұрыс басталды. Экономикамен бірге аймақтың мәдениеті де дамыды. 1934 жылы драма театр жұмыс істей бастады.

Сталиндік қуғын-сүргіндер
ХХ ғасырдың 1930, 1940, 1950 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргіннің салдарынан облыстың 3 мыңнан аса адамы әр түрлі жазаға ұшырады. Облыстың 56 басшы қызметкерінен 36 адам ату жазасына кесілді. Олардың ішінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А. Досов, облатком төрағасы В. Случак, облатком жауапты хатшысы Б. Ержанов, облыстық газеттердің редакторлары П. Грехнев пен Р. Жаманқұлов, т.б. болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс
1941 жылдың 22 мауысмында КСРО Ұлы Отан соғысы басталды. Алып елдің басқа да халықтарымен берге қазіргі Түркістан облысында соғыс ауыртпалығын бастан кешірді. Соғыстың алғашқы айларында өлкемізге Воронеж пресс-автомат зауыты, Харьковтың шұлық және айна фабрикасы, Подольскінің илеу-құю зауыты, Киевтің химия-фармацевтік зауыты, Мәскеу алколоид зауыты, Кременчугэлектро стансасы көшіріп әкелінді. Кәсіпорындардың бірсыпырасы облыстың аудандарына орналасты: шыны зауыты - «Күйік» совхозына, трактор шеберханасы Сайрам ауданына, электростанса - Түркістан ауданына, Мақта иіру фабрикасы «Мақтаарал» совхозынан орын тепті.

1942 жылы барлық көшіріп әкелінген кәсіпорындар өнім бере бастады.
Облысқа сонымен берге, КСРО Архитектура академиясы, Дүниежүзілік, экономика мен саясат институты, География институты, Дәрілік шөптердің Бүкілодақтық ғылыми зерттеу институты (ВИЛАР) көшіріп әкелінді. Көшірілген ұжымдардың арасында Моссовет атындағы театр да болды.

Жеңіске қосылған үлес
Түркістан облысынан 47 азамат Кеңес Одағының батыры атағын алды. 9 жерлесіміз 1, 2 және 3-дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері болды.
Соғыс бастала салысымен-ақ облыс КСРО-ның Германиядан әскери-экономикалық артықшылығын қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Мамандардың есептері бойынша, басқыншыларға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 7-уі Шымкент қорғасынынан құйылған.

Түркістан облысы еліміздің аса маңызды ауылшаруашылық аймағына айналды. Ол майданды Орал, Сібір және Еділ бойының ірі өнеркәсіп орталықтарын астықпен, маймен, жүнмен қамтамасыз етті. Майданға жеміс-жидек пен көкөніс жіберіп отырды. Соғыс жылдарында облыстан 2 млн пұт ет, 800 мың литр сүт, 100 мың ірі қара мал және 1 млн-нан астам қой және ешкі терісін, 44 мың 80 пұт жүн, 2 млн 120 мың пұт астық берді.

Мамандардың сол кездегі есептері бойынша облыс тапсырған мақтадан тоқылған матамен Қызыл Армияның 7 млн жауынгерін киіндіруге болатын еді.
1942 жылдың мауысымында облыс еңбекшілері Ленинград тұрғындарына 287 бас мал, 160 центнер шұжық, 35 центнер мал майын және 80 центнер өсімдік майын, 120 центнер ұн, 270 центнер жеміс қағы мен көкөніс, 30 центнер жаңғақ, 170 центнер кондеитер тағамы, 560 литр шарап өнімдерін аттандырған.
Көптеген оңтүстікқазақстандықтар Жеңіске өз үлестерін қосты. Мәселен, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов еңбекшілер арасында түрлі спорттық өнер көрсету жолымен 100 мың сом жинап, оны Амангелді Иманов атындағы жеке ұшақ жасауға берді. Жауынгерлік техника құрылысына «Ақтас» клохозының төрағасы Б. Оңдасынов өзінің жеке жинаған ақшасынан 166 мың сом, «Бірлік» колхозының төрағасы А.Жүсіпов 65 мың сом, «Қызылабад» колхозының төрағасы М.Ізбасаров 170 мың сом өткізді.

Соғыстан кейінгі даму
1950-1960 жылдарда экономика жақсы қарқынмен дамыды. Шаруашылық реформалары, шаруашылық есептің енгізілуі, экономикалық және материалдық ынталандыру, кәсіпорындарға үлкен дербестік беру, аграрлық сасясаттағы бірқатар өзгерістер жағымды нәтижелер берді. Қысқа мерзім ішінде қаракөл, гидролиз, экскаватор, «Электроаппарат» зауыттары, мақта-мата комбинаты, «Восход» тігін фабрикасы салынды. Шымкент және Састөбе цемент зауыттары өнім берді. Ташкент-Шымкент газ құбыры салынып жатты. Химия өнеркәсібі күшті қарқынмен дамыды. Фосфор және шина зауыттары іске қосылды.

1980 жылдардың басында мұнай өңдеу зауыты салынып, Омск-Павлодар-Шымкент мұнай құбыры пайдалануға берілді. Тамақ өнеркәсібі дамып, бірнеше сүт зауыты, ет-балық комбинаттары, сыра қайнату және нан зауыттары салынды. 1987 жылы облыста 170-тен астам өнеркәсіп орындары болды. Өткізілген өнімнің жалпы көлемі 7,86 млрд сом болды.

Тың игеру
1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. Шардара су қоймасының іске қосылуына байланысты Қызылқұм алқабын игеру жеделдетіле түсті. Ірі күріш совхоздары құрылды. Мақта, бау, жүзім, көкөніс, бақша өнімдерін өңдеу дамыды. 1980 жылы облыстың жер көлемі 12 млн га болса, оның 10,3 млн гектары ауылшаруашылық мақсаттарына пайдаланылды.

Ағарту ісі мен мәдениет
Түркістан облысы үшін мамандар дайындауды екі жоғарғы оқу орны – Химия-технологиялық институты мен Педагогика институты жүзеге асырды. Бірнеше орта оқу орындары: тау-кен, индустриялдық, автомеханикалық, гидромелиоративтік, дене тәрбиесі техникумдары, музыкалық және көркем өнер училищелері ашылды. Кеңес дәуірі кезінде облыс көлемінде 900 мектеп бой көтерді.

Жастарға білім беру және тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін педагог М.Тасоваға Социялистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай құрметті атақ денсаулық сақтау ісіне сіңірген еңбегі үшін дәрігер А.Бувановаға да берілген болатын. Облыс халқы өздерінің жерлестері ҚССР Ғылым Академиясының академигі, түрколог Ісмет Кеңесбаевты, мүше-корреспонденті Мәулен Балақаевты, геология ғылымдарының докторы П.Тәжібаеваны, филология ғылымдарының докторы Қалдыбай Бектаевты, филология ғылымдарының докторы Әбіш Байтанавты мақтаныш тұтады. Өлке тарихына академик, Қазақ ССР-нің 1944-1957 жылдардағы Сыртқы істер министрі, кейіннен Үндістандағы КСРО елшілігінің кеңесшісі Төлеген Тәжібаевтың есімі алтын әріптермен жазылып қалған.
Облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі 1967 жылы қазақ және орыс драма театрлары ғимаратының салынуы болды. Оларда Қазақ ССР халық әртістері А.Абдулина, Ж.Серікбаевалар еңбек еткен.
1960-1980 жылдары ақын О.Малқараевтың, халық ақындары К.Омаров пен Ә.Қалыбекованың, ақын-жазушылар Ә.Жылқышиевтің, Н.Сүлейменовтің, Х.Есенғараеваның, О.Постниковтың, М.Байғұттың шығармашылықтарының өрлеген жылдары болды. Қазақстан театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Құрманбек Жандарбеков, Хадиша Бөкеева, Ғ.Хайрулина, атақты ақын және көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, компазитор Шәмші Қалдаяқов, жазушылар Ж.Еділбаев пен Ф.Чирва - біздің жерлестеріміз.

Кеңес Одағының ыдырауы
1990 жылдардың басында бұрынғы кеңес республикалары сияқты, Қазақстанның өмірінде де КСРО-ның ыдырауына байланысты тарихи өзгерістер болды. Өзінің сан ғасырлық тарихында Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіздік алды.
2002 жылы облыс өзінің құрылғанына 70 жыл толуын салтанатпен атап өтті.

Ұлы Жібек жолының қазіргі Түркістан облысы бөлігінде Батыс пен Шығысты түйістіретін халықаралық туристік маршруттар үшін облысымыздың тарихи ескерткіштері мен көрікті жерлері көз тартарлықтай. Қазіргі Түркістан облысында болған адам осы бір тамаша өлкеден алған әсерлерін мәңгі есте сақтайды.

Түркістан облысы  бойынша сапарсерік
Географиялық картаға көз жүгірткен кісі облыс аумағының сәтті орналасқандығы соншалықты, мысалға көрші Өзбекстанға сапармен келген қонақтар ортағасырлық сәулет өнері туралы толық мағлұмат алу үшін ежелгі дала ескерткіштерін көрмей кетсе, аса қанағаттана қоймайды.
Өлке әртүрлі танымдық, спорттық, экзотикалық турлар, аң және балық аулау, шөптер мен жеміс-жидектерді жинауды ұйымдастыруға қажетті алуан түрлі туристік-рекреациялық аймақтарға, табиғи ландшафтарға, өсімдіктер мен жануарларға аса бай.
Облыстың мінәжат жасау орындары сәулет өнерінің ескерткіштері бойынша 7 туристік маршрут белгіленген, олардың бағдарламалары мен ұзақтығы әртүрлі (1-3 күндік), турлардың бағдарламасында мына төменгі жерлерге бару жоспарланған:
- Ибраим ата мен Қарашаш ана кесенесі (Сайрам ауданы);
- Арыстанбаб әулиенің кесенесі, (Отырар ауданы);
-Қ.А.Яссауи кесенесінің тарихи-сәулет кешені, «Әзірет-сұлтан музей-қорығы» (Түркістан қаласы);
- Қажымұқан Мұңайтпасовтың музейі мен кесенесі (Ордабасы ауданы);
- Бәйдібек ата мен Домалак ана кесенелері (Бәйдібек ауданы);
- Қарабура кесенесі (Созақ ауданы).
Халықтың қолданбалы қолөнерінің ежелгі дәстүрлерімен таныстыру үшін қолөнер шеберханаларына бару қарастырылған.
Облыстың рекреациялық ресурстарын ескере отырып, мына төмендегі шаралар қарастырылған:
- экзотикалық орындарға 5 туристік маршрут;
-дем алу және емделу үшін «Ақсу-Жабағылы» қорығы, «Машат» демалыс аймағы, «Қырық қыз», «Біркөлік», «Ақниет» турбазалар мен Қызылкөл ұсынылады;
-Облыстың мәдени мұраларымен танысуды табиғат аясында көңілді демалыспен ұштастыруға мүмкіндік беретін қосымша 6 құрамдас маршруттар пайдаланылады. Облыс республикамыздың тарихи-мәдени ресурстарға аса бай аймақтарының бірінен саналады. Оның аумағында 802 тарихи және мәдени ескерткіш, оның ішінде 582 археологиялық, 42 тарихи, 11 монументалдық өнер ескерткіштері бар.

Түркістан қаласы
Түркістан қаласы - Қазақ хандығының тұңғыш астанасы, ежелгі Ұлы Жібек керуен жолының бойына орналаскан. Қаланың ежелгі аты - Яссы. Көлемінің шағындығына қарамастан, Яссы аймақ орталығына, Жібек жолындағы басты сауда мекеніне айналады. Қаланың даңқы XII ғасырда, әсіресе бұл жерге суфи уағызшысы, ақын және мистик Қожа Ахмет Яссауи қоныс тепкеннен кейін шыға бастады. Қайтыс болғаннан кейін оның бейітінің басына мазар салынып, ол жер «әулие орынға» айналды.
XIV ғасьфда әмір Темір Алтын Орданы жеңгенінің құрметіне ақынның басына зәулім кесене салдырады. Міне, содан бері 6 ғасырдай уақыт ішінде бұл ғимарат өзінің алғашқы түрін өзгертпестен келеді. Кенже ортағасырлардың тамаша ескерткішіне кітапта арнаулы тарау арналып отыр.

Кесенелер
Діни ғимараттар мен құрылыстардың арасында мемориалдық құрылыстар - кесенелер ерекше орын алады. Исламдағы әулиелерге табынушылықтың дамуы қазақ арасында ежелден келе жатқан ата-бабалар аруағын сыйлауға қосылып, сәулет өнерінің бұл түрінің дамуына кең жол ашты.
Облыстағы кесенелерді мұсылман кайраткерлерінің халықтың діни нанымдарында қандай орын алатындықтарына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Ең алдымен бұлар исламның алғашқы кезеңіне қатысты тұңғыш уағыздаушылардың мазарларының үстіне салынған кесенелер. Бұлар:
-Баба ата (Созақ ауданы) және Арыстанбаб (Отырар ауданы) кесене-мешіттері;
-Сайрамдағы Абдел Азиз-Баб, Мір Әлібаб, Қожа Талық, т.б. кесенелері;
-Исламдағы софылық дәстүрлерге қатысы бар әулиелердің кесенелері. Бұған Қ.А.Яссауи кесенесі, Созақ ауданындағы Қарабура (Бұрахан) кесенесі жатады;
-Имам Маркоздың (Маргузи) кесенесі (Түркістан ауданы), т.б.
Бұл әулилердің кесенелері әдетте ислам ықпалы аса күшті болған Орта Азияға тән порталды-күмбезді құрылыстар түрінде тұрғызылған. Белгілі бір мөлшердегі аумақтардың тұрғындары сиынатын жергілікті әулиелердің, табиғатқа табынушылықпен байланысты жеке кәсіби іс-әрекеттердің желеп-жебеушілерінің (әсіресе төрт түлік мал шаруашылығының) кесенелері (Шымкент пен Тұрбат ауылындағы жойылып кеткен Қошқар атаның кесенелері) ерекше, көне формаларда салынған.

Ұлы жүзге жататын казақ тайпаларының арғы тегі Бәйдібек ата мен Домалақ ананың кесенелері ерекше көзге түседі. Тарихта өмір сүрген қайраткерлердің жерленген жерлері - Есім ханның, Қажымұқанның және т.б. кесенелер де бар.

Қ.А.Яссауидің аты мен өміріне, оның әкесі Ибраим ата мен Қарашаш анаға байланысты ескеркіштер мен кесенелер ежелгі ескерткіштердің бір тобын құрайды. Бұл осы көлемді материалды шолып шығуға ыңғайлы болу үшін Қ.А.Яссауидің зиратына тәу етуге бара жатқан жолаушының шартты жолын пайдалануға болады. Дәстүр бойынша тәу ету салты оның Сайрамдағы (ежелгі Испиджабтағы) ата-анасының бейіттеріне барудан басталады.
Сайрамдағы біздің заманымызға дейін сақталған 6 кесененің ішіндегі ең қастерлісі Қ.А.Яссауидің шешесі Қарашаш ананың кесенесінен басқа Яссауидің әкесі Ибраим атаның да кесенесі бар. Олардан басқа Қожа Ахметтің балалары Латиф ата, Мұстафа-Құл атаның да кесенелері болған, бірақ олар сақталмаған.

Қарашаш ананың кесенесі
Кесене Сайрамның орталығында, оның екі басты магистралінің қиылысқан жеріне таяу ескі қорымда орналасқан. Ғимарат Орта Азияда кең тараған кішігірім порталды-күмбезді кесенелердің қатарына жатады.

Мір Әлібаб кесенесі
Қазіргі Түркістан облысында  алғашқы болып келген ислам діні уағызшыларының мазарлары ерекше орын алады. Олардың қатарына Қарашаш ананың кесенесіне таяу жатқан Мір Әлібаб кесенесі жатады. Мир Әлібаб ибн Паджах Мәлік XI ғ. соңы мен XII ғ. басында өмір сүрген тарихи тұлға деп есептеледі. Ол - исламды Орта Азияға басты таратушылардың бірі Жүсіп Хамаданимен хат жазысып тұрған. XX ғ. белгіленген Мир Әлібабтың кесенесі Сайрамдағы кесенелердің ішіндегі ең жас ескерткіш болып саналғанымен, оның шығу тегі ғасырлар қойнауына кетеді.
Қазіргі ғимараттың қасында ертеде салынған (XV ғ. шамасында) кесененің қалдықтары сақталған.

Әбдел Әзізбаб кесенесі
Алғашқы ислам дәуірінің тағы бір ескерткіші - Сайрамдағы Әбдел Әзізбаб кесенесі. Оның қазақша нұсқасы арабтардағы ер кісінің аты Абд ал-Азиз, яғни «Ұлы Тәңірінің құлы» деген ұғымды білдіреді. Абд ал-Азиздің өмірнамасы кейінірек шыққан авторы белгісіз «Рисаля» шығармасында келтірілген, мұнда ол Мұхаммед пайғамбардың алғашқы ізбасарларының бірі есебінде сипатталады. Аңыз бойынша Абд ал-Азиз Қ.А. Яс-сауиден 300 жылдай бұрын өмір сүрген, бұл ислам дінінің осы аймақта орнығуымен сәикес келеді. 1860 ж. соңында қазіргі ғимарат салынған.

Сайрамдағы кесенелер
Сайрамда басқа да ежелгі ескерткіштер, соның ішінде XVIII ғ. өмір сүрген құранды түркі тіліне аударған Қазидың кесенесі, XVIII-XIX ғғ. Мұнарасы және сақталмаған Қызыр әулиенің мешітіндегі қырық күндік ораза тұтатын жер астындағы тақуалар құжырасы бар.
1989 ж. сазды түзімдер арасында қазылған бірнеше тар ұзын жайлардан тұратын жерасты ғимараты табылды. Атақты археолог К.М.Байпақовтың пікірінше, бұл жер астындағы буддалық монастырь болуы мүмкін.

Арыстанбаб кесенесі
Арыстанбаб әулие аңызға айналған тұлға болған. Аңыз бойынша ол Қ.А.Яссауидің ұстазы әрі рухани пірі болған. О дүниелік болар алдында Арыстанбаб шәкіртіне өз ісін жалғастыруды, ел арасында исламның құндылықтарын насихаттауды жалғастыра беруді аманат етіп қалдырады. Сол себепті Яссауи кесенесіне сапар шеккен мұсылман баласына оның ұстазы, халық арасына аса құрметті әулиенің бейітіне соғу имандылық белгісі болып есептелген.

Яссауи кесенесінің сағанасы
Қ.А.Яссауи кесенесінің аймағы келе-келе бүтіндей сағанаға айналған. Оның құрамына Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесі (XV ғ; XIX ғ. 2-жартысында қиратылып, 1980 ж. ескі суреттер мен сипаттамалар бойынша қалпына келтірілген), Есім ханның (XVI ғ.) кесенесі, Белгісіз және Сегізқырлы кесенелер (XVI ғ.) және басқа да қабырлар енеді. Софылық ғұрыптармен Яссауиға табынушылыққа байланысты шілдехана (XV ғ.), үлкен қылует (XII-XIX ғғ.), Құмшық ата әулиеінің жерасты мешіті (XII ғ), Шығыс моншасы (XVI-XIX ғғ.) секілді бірқатар ғимараттар сақталып қалған. XIX ғ. Яссауи кесенесінің қасынан жұма мешіт салынған.
Археологтар ежелгі Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін бірсыпыра зерттеу жұмыстарын іске асырды. Қаланың 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында Яссауи кесенесі мен оның жанындағы құрылыстар шінара қалпына келтірілді, бұл ескерткіштің еңсесін көтеріп, оны қабылдауды байыта түсті.

Түркістан қаласының маңайындағы мешіттер
Түркістан аумағында өздерінің сәулеттілік сапаларының тамашалығымен көз тартатын бірнеше ғимараттар сақталған. Олардың қатарына Атабай ауылындағы Шәмет Ишанның мешіті (XIX ғ.), Иқан ауылындағы Жүніс ата кесенесі (XIX - XX ғ. басы), Имам Марқоздың кесенесі және Шабанақ ауылындағы мұнара, т.б. жатады. Осы ауданда Сауран қаласының қираған орны да (XIII-XVIII ғ.) орналасқан. Ақ Орданың билеушісі Саса Бұқаның ұлы Ерденнің осында әртүрлі діни ғимараттар - медрессе, ханака, мешіттер салғандығы белгілі, өкінішке орай біздің заманымызда олардың біреуі де сақталмаған. 1860 жылдарға дейін екі жағынан екі мұнара тіреп тұрған порталдың қалдықтары сақталып келген. Олар бізге «Туркестанский альбомда» жарияланған К.И.Приоровтың 1866 ж. салған суретінен белгілі. Бірақ бір жылдан соң бір мұнара, ал 1878 ж. екінші мұнара құлайды. «Сауран мұнаралары» деп аталатын сәулет өнерінің сирек кездесетін жәдігері өз тіршілігін осылай аяқтады. Бұл портал шейбандық Убайдулла ханның бұйрығы бойынша салынған Сауран медресесіне кіреберісті безендіріп тұрған. Ол 1514-1515 жылдары ашылған. Бұл оқиғаның куәгері XVI ғ. атақты ақыны Зейнуддин Васифи болды. Ол тарихтың осы ескерткішінің толық сипат-тамасын бізге жазып қалдырды.

Ноғай Ишанның мешіті
Көптеген сәулет ескерткіштерін облыстың солтүстік аудандарының далалы аймақтарынан да кездестіруге болады. Солардың бірі - XX ғ. басында Созақ ауылында салынған Ноғай ишанның мешіті. Оның қос мұнаралы көне порталдық формалар мен сәнді ағаш торы және арқасының ұшында гүл тәрізді тәжі бар шошақ пішіндес лоджия түйіскен қасбеті ерекше әсер қалдырады. Бұл Қазақстандағы XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы діни сәулет өнеріндегі дәстүрлер тоғысының айқын дәлелі болып табылады.

Созақ ескерткіштері
Созақта әркездерде шикі кірпіштен бірнеше кесенелер салынған. Олардың қатарына Қарабураның, Қазаншы атаның, Әжі атаның, Құлақ ата және т.б. кесенелері жатады. Бұлар кішігірім бірқорапты ғимараттар. Олардың мұндай жұпынылықтарын зерттеушілер аймақ экономикасының жоңғар шапқыншылығынан кейін күйзеліске ұшырағандығымен түсіндіреді.

Шикі кірпіштен тұрғызылған және XIII-XIV ғасырларда салынған Ақсүмбе мұнарасы нағыз көне ескерткіштер қатарына жатады. Деректерде қарауыл мұнарасы есебінде келтірілгенімен, табынушылық мақсаттарда да қолданылуы мүмкін.
Жалпы алғанда, Созақ ауданы мұндай кесенелерге бай. Тек Тасты ауылының өзінде 10-нан аса кесене есепке алынған. Осы ауданда ірі Баба ата табыну кешені орналасқан. Ол аттас қаланың ішкі бекінісінде салынған, әдебиетте Баладж қаласына ұқсастырылып жүр. Ғимарат 1957-1958 жж. қазба жұмыстарының барысында табылған.

Шаяндағы медрессе
Қаратаудың солтүстік баурайында тағы бір көзтартарлық сәулет кешені бар: бұл Шаян селосындағы Аппақ Ишанның мешіт-медрессесі. Қазақстанда медреселер Орта Азияға қарағанда кейірінек пайда болады, сол себепті олардың саны онша көп емес. Ел аузындағы аңыз бойынша, оның құрылысын XIX ғ. ортасында Қасым Ишан бастап, ол қайтыс болғаннан кейін баласы Сабыр жалғастырып, немересі Аппақ Ишан аяқтаған. Облыстың сәулет ескерткіштерінің ішіндегі ең маңыздысы Исмаил ата табыну кешені болып есептеледі. Ол Қаржантау Жотасының баурайында созылып жатқан Түрбат ауылының (Қазығүрт ауданы) орталығына орналасқан. Кешеннің негізін исламдағы софылық дәстүріне қатысы бар Исмаил атанъщ кесенесі құрайды (ол Қ.А.Яссауидің ұрпақтарына жатады). Халық аңыздары бойынша Исмаил ата малшылар мен қойшылардың пірі, кешен құрамында Жәбірейіл атаның да кесенесі бар.

Исмаил ата кешені
Турбаттың оңтүстігінде тау етегінде тағы да бар сәулет ғимараты Ысқақ Ата кешені бар. Кешен жергілікті діни қауымның пірі Ысқақ Атаның кесенесінің атымен аталған, сәулет мәнері мен әшекейлеріне қарағанда XI-XII ғғ. Қараханидтер сәулет өнерінің ең озық үлгілеріне жатады.

Ишан базар мешіті
Шымкентке таяу Аққойлы мекенінде төбе үстінде бір ғажайып ғимарат тұр. Бұл табынушылық орындарына ұқсамайтын монуметтік құрылыс Ишан Базар Мешіті. Бұл ара ерте кездерде, шамасы, бүкіл аймақтың діни-қоғамдық өмірінің орталығы болуы мүмкін, қазіргі кезде ескерткіш күшті қираған. Оны Шымкенттегі ескерткіштерді жаңғырту шеберханасының көмегімен қалпына келтіруге әрекет жасалуда (Жоба 1985 ж. дайын болған).

Домалақ ана кесенесі
Бәйдібектің жұбайы Домалақ ананың кешенінің жобасы (сәулетші С.Тоқтамыс) басқаша жолмен шешілген. Бұл жерде негізге бұрыннан белгілі формалар мен мотивтерді қиыстыру арқылы жаңа ғимарат салу идеясы емес, ассоциативтік қатарлар түзу жолымен байырғы қазақтың халықтық мұрасын басқа, күрделірек деңгейде тереңінен меңгеру әдісі қолданылған. Табыну ғимараттарының белгілі бөліктері - портал, күмбез, мұнаралар - өзге иілімділік тілінің көмегімен, сезімдік-көркемдік дәрежеде ортаазиялық классикалық емес, қазақтың далалық көне өнерімен үндес жасалған.

Прославие дінінің ескерткіштері
Облыс көлеміндегі православиелік ғибадат орындарының ішінде ерекше көзге түсетіні -Шымкенттегі Никольск шіркеуі. Ол «орыс стилі» деп аталатьш үлгімен салынған және Түркістан епархиясының ең тамаша шіркеулерінің бірі больш есептеледі. Бірақ кейінгі қайта құрулар мен жөндеулер оның алғашқы бейнесін танымастай етіп өзгертіп жіберген.

Тәуелсіз Қазақстанның ескерткіштері
Орта Азия мен Қазақстанның классикалық сәулет мұрасын ескере отырып, Шымкентте Амани-Салих мешіті салынды.

Курорттар
Туристік - рекреациялық аймаққа жататын объектілерден батыс Тянь-Шань сілемдерінің арасына орналасқан «Ақ мешіт», Бүргелік демалыс аймақтарын, облыстың ең биік нүктесі Сайрам шыңының етегіне орналасқан «Әлтеке» туристік базасын, Машат шатқалында орналасқан туристік базаларды, «Манкент» және «Ақсу» демалыс үйлерін атап көрсетуге болады.

Сауықтыру тұрғысынан алғанда аса құнды гидрологиялық ресурстар минералды сулар болып табылады. Олардың көздері Сарыағаш, Түркістан, Ордабасы және Бәйдібек аудандарында.

Туристік бағыттар жөнінде ақпарат
Парк аумағында 11 туристік бағыт ұйымдастырылды, олардың паспорттары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі №93 бұйрығымен бекітілген.