
Орман – табиғаттың баға жетпес байлығы, адамзаттың ортақ қазынасы. Ол – тіршілік көзі, таза ауаның кепілі, экологиялық тепе-теңдіктің сақтаушысы. Орманды қорғау, молайту және келер ұрпаққа аманат ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Осы игілікті істің басында табиғаттың тыныс-тіршілігін күзетіп, орманның әрбір талын көзінің қарашығындай қорғайтын орман шаруашылығы қызметкерлері тұр.
Кәсіби мереке – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында табиғат байлығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген барша маманның еңбегіне құрмет білдіреміз.
Орманшының еңбегі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында тынымсыз ізденіс, табандылық пен үлкен жауапкершілік жатыр. Олар орман алқаптарын өрттен, заңсыз ағаш кесуден және түрлі зиянкестерден қорғап, көшет отырғызу, жасыл желекті күтіп-баптау, орман қорын қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Табиғаттың қыр-сырын терең білетін мамандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өз міндеттерін адал орындап келеді.
Бүгінде қоршаған ортаны қорғау мәселесі әлемдік деңгейде өзекті болып отыр. Климаттың өзгеруі, құрғақшылық, орман өрттері мен табиғи ресурстардың азаюы орман шаруашылығы саласының маңызын арттыра түсуде. Сондықтан орманды сақтау – тек сала мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Әсіресе, жасыл желекті көбейту, орман алқаптарын қалпына келтіру және табиғатқа жанашыр ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Әрбір отырғызылған көшет – болашаққа жасалған инвестиция, әрбір қорғалған ағаш – келер ұрпаққа қалдырылған аманат.
Орман шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтардың жұмысы үлкен құрметке лайық. Өйткені олар табиғаттың байлығын бүгін үшін ғана емес, ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін де сақтап келеді. Олардың маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесінде орман алқаптары жайқалып, табиғи байлықтарымыздың сақталуына мүмкіндік туып отыр.
Орманды қорғау – болашақты қорғау. Ендеше, табиғаттың жасыл қорғанын күзетіп жүрген барша орман шаруашылығы қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілейміз! Табиғатқа деген жанашырлықтарыңыз бен ел игілігі жолындағы адал қызметтеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын, табиғат сақшылары!
Ормандарды молықтыру және орман өсіру инженері Қанат Шәкәрім
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Республика күніне орай табиғатты қорғауға бағытталған игі шара өткізді.
23 қазан күні ұлттық парк қызметкерлері Экология, өлкетану және туризм орталығының мамандарымен бірлесе отырып, №147 орта мектептің аумағында ағаш көшеттерін отырғызды.
Іс-шараның басты мақсаты – туған жердің табиғатын аялау, қоршаған ортаны көгалдандыру және өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа қосылған үлес, ал табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет!
Тазалық пен табиғатты аялау өзімізден басталады!
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзгі тау көріністері: Қайыңды панорамасы, Түркістан облысының ең биік нүктесі – Сайрам шыңы (4238 м) және бұлтқа оранған «Игла» шыңы (3750 м).
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы барша қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтайды!
Республика күні – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жолындағы тарихи қадамдарын айшықтайтын, ұлттық бірлігіміз бен елдігімізді дәріптейтін маңызды мереке.
Отанымыздың мерейі үстем, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әр шаңыраққа амандық, молшылық пен береке, елімізге тыныштық пен өркендеу тілейміз!
Туған жеріміздің табиғаты жайқалып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала берсін!
Республикамыз жасай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Семинар-тренингке Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) өкілдері, экологиялық ұйымдар мен сарапшылар қатысуда.
Ұйымдастырушылар:
Қазақстан Республикасының Биоалуантүрлілікті сақтау қоры және PeaceNexus қоры.
Семинардың мақсаты:
Орталық Азиядағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық ұйымдардың тиімді әріптестік басқару тәжірибесін нығайту. Осы мақсатта қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижелері мен алынған сабақтарды бірлесіп талдайды.
Сонымен қатар өңірлік ерекшеліктерді, жергілікті жағдайларды және бизнеспен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін ескере отырып, тәжірибеде қолдануға болатын нақты ұсынымдар әзірлеу көзделген.
Мұндай кездесулер табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тиімді басқаруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Құрметті Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшылары мен қызметкерлері!
Сіздерді 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзетуге және қорғауға қосқан үлесі үшін "Сайрам-Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің "Өгем" филиалының директоры Тұрғанов Ерлан Рысбекұлы 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне орай марапатталды!
Туған жердің тұмса табиғатын аялап, Алатаудың баурайындағы байлығымызды қорғау – үлкен жауапкершілік пен ерен еңбекті талап етеді. Шекаралық аймақта орналасқан Сайрам-Өгем ұлттық паркінің әрбір сүйем жерін күзету – табиғатты қорғаумен қатар, мемлекеттік шекарамыздың қауіпсіздігі мен тыныштығына қосылған зор үлес.
Ел шетінде, тау-тасты аралап, күні-түні ел игілігі мен туған жердің бүтіндігі үшін адал қызмет етіп жүрген орманшыларымыздың еңбегі – шынайы отансүйгіштіктің үлгісі.